«Бақыт» фильмі және Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық

«Бұл кино емес, біздің өміріміз»


01/03/2023
20:29 4803 0

 

16 ақпаннан бастап кинотеатрларда режиссер Асқар Ұзабаевтың «Бақыт» фильмі көрсетіліп жатыр. Өткен жексенбіде сол киноны мен де көріп қайттым. Соңғы жылдары адам құқығы, түрмедегі азаптау, сот істері, тұрмыстық зорлық-зомбылық жөніьнде жазып келемін. Былтырғы Қаңтар оқиғасынан кейін «қайғылы оқиғаларды жүрекке жақын қабылдамау қажет» деген байламға келгенмін. Бірақ «Бақыт» фильмі ол байламымның тас-талқанын шығарды. 

 

Бір жарым сағаттан сәл ғана асатын фильм айна алдында тұрған жалаңаш әйел бейнесінен басталады. Бастапқыда бұл режиссердың көрерменді бірден елітіп әкету тәсілі деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ шын мәнінде олай емес. Нәзік әйел денесінде таяқ пен зорлықтың ізі бар. Одан ары фильм қарапайым отбасының күнделікті өмірі, бірін-бірі жақсы көрмейтін әйелі мен күйеуі, анасын тыңдамайтын, екіқабат болып, махаббатсыз тұрмысқа шығып жатқан қыздың тағдырымен жалғасады. 

 

Фильмнің басынан-аяғына дейін зорлық-зомбылық көріністері өте көп. Тіпті, өз әйелін өзі балғаның сабымен зорлаған жері де бар. Жалпы, фильмнің аты «Бақыт» болғанымен, ішіндегі кейіпкерлердің барлығы бақытсыз. Киноны қарап отырып, осы уақытқа дейін тұрмыстық зорлық-зомбылық жөнінде өзім жазған, шынайы өмірде бар адамдар көз алдыма келді. 

 

Фильмнің орта тұсына келгенде артқы қатарда отырған бір қыздың «мынау кино емес, біздің өміріміз ғой» деп жылаған дауысын естідім. Кейін сол қыздың кино жайлы ойын білу мақсатында сөзге тарттым. Ол бастапқыда сөйлесуден қашқақтады. Бірақ кейін аты-жөнін көрсетпеуін өтініп, пікір беруге келісті. 

 

– Менің ойымша, бұндай кинолар көптеп шығуы керек. Бүгін біз кино емес, өзіміздің өмірімізді көрдік. Бұндай оқиғалар әрбір отбасында күнде болып жатыр. Бірақ біз оны ұят болады, ел не айтады деп жылы жауып қоямыз. Осыған ұқсас жағдай менің де өмірімде болды. Оны экраннан, кинодан көру мүлдем басқаша екен. Бұл ауыр болса да айтылуы керек. Шынымды айтсам, жылағым келіп тұр, – деді Айгерім (аты-жөні өзгертілген – ред) 

 

Сценарий авторы Әсем Жәпішеваның өзі фильм сюжеті жүз пайыз ойдан құрастырылғанын айтады. Бірақ кейіпкерлердің барлығы зерттеу нәтижесінде жинақталған образдар дейді 

 

– Фильмде көрсетілген оқиғаның барлығы жүз пайыз ойдан құрастырылған. Бірақ менің зерттеулерім сценарийге арқау болды. Ең маңыздысы осы болды деп ойлаймын. Ол шынайылықты көрсетті. Егер біз бірін-бірі ұрып жатқан жасанды кейіпкерлерді көрсетіп: «Бұлай жасауға болмайды!» десек, ол өтірік болар еді. Бұл жерде бізге зорлық-зомбылыққа әйелдердің де қатысатынын көрсету маңызды болды. Фильмде басты кейіпкердің әпкесі бар. Ол зорлық-зомбылыққа қатысады. Анасы қабылдамайтын қыз бар. Бұл психологиялық жараның жиынтығы, – деді Жәпішева. 

 

Оның сөзінше, қазіргі қазақ киносы шындықтан ажырап қалған. Қазіргі кино барлығын шамадан тыс жақсы етіп көрсетеді. Немесе, керсінше, барлығын жаман етіп көрсетеді. 

 

– Біз барлығын ұрып-соғу деңгейінде емес, қалай бар, солай көрсеткіміз келді. Соңғы жылдардағы Қазақстан киносы шындықтан алшақтап кеткен. Ол барлығының «тігісін жатқызып», әдемі қарым-қатынаста, шамадан тыс жақсы етіп көрсетеді. Немесе, керсінше, жаман етіп көрсетеді. Біз қарапайым, орташа табысы бар отбасының үлкен үйде тұрмайтынынан бастап, ұрып-соғуға дейінгі аралықтың барлығын шынайы көрсеткіміз келді, – деді ол.   

 

 

Кинотеатрға барғандардың дені жастар болды. Басым көпшілігі қыздар. Ара-арасында егде жастағы ерлі-зайыптылар бар. Менің қасымда жас жұп отырды. Өте ауыр зорлық-зомбылық көріністері кезінде жігіт қызының көзін жауып, құшақтап «шыдай алмасаң, көрмей ақ қояйықшы» деп отырды. Кейбір қыздар залдан шығып кетті. 

 

Біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ер адамдар ғана кінәлі деген бір жақты түсінік бар. Бірақ «Бақыт» фильмінде «таяқтың екі ұшы бар» деген ұғым нақты көрсетілген. Әсем Жәпішеваның өзі бұны былай деп түсіндірді: 

 

– Тұрмыстық зорлық-зомбылықты ер адамдар ғана жасамайды. Қайын апайы, енесі көп жағдайда абьюзер болып келеді. Қыздың анасы да солардың жағында болады. Барлығы бақытты адам бейнесін сомдауды қойып, ұялмай, ашық айтса екен деймін, – деді Жәпішева.  

 

Фильм соңына қарай басты кейіпкер әйел зорлық-зомбылыққа шыдамай, күйеуін балғамен ұрып, денсаулығынан айырады. Ол арбаға таңылады. Бірақ сондада оны тастап кетпейді. Екеуі бірге қыздарын перзентханадан шығарып алуға барады. Қызы баласының атын анасына қойдырады. Әйел жиеніне Бақыт деп ат қояды. 

 

Әсем Жәпішева сценарий жазу барысында соңғы эпизодта жаңадан туылған қыздың барлығын өзгертуге мүмкіндігі бар деп айтқысы келгенін айтты. 

 

– Шын мәнінде, фильмнің соңы әрбір көрермен қалай аяқталғанын өзі қорытып, шешсін деген мақсатта осылай аяқталды. Мен сценарий жазу кезінде жаңа ұрпақта барлығын өзгертуге мүмкіндік бер деген ой қалдырғым келді. Анасы мен қызы осындай ұзақ жол жүріп өтті және соңында бір-бірін түсінді..., – деді ол.

 

 

Фильм аяқталғаннан кейін залдың жартысына жуығы орнынан бірден тұрып кеткен жоқ. Экранда көрсетілген тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының статистикасын оқып, біраз отырды. 

 

Қазақстанда ресми статистика бойынша, жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 400 әйел қайтыс болады. Бұл дегеніміз әр 10 күнде 11 әйел зорлық-зомбылықтан көз жұмады деген сөз. Дәл қазір осы материал жазылып жатқан уақытта бір әйел соққыға жығылып, қаншама бала анасынан, қаншама ата-ана перзентінен айырылып жатуы әбден мүмкін…

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

01/03/2023 20:29
4803 0

Уведомление